Биыл Абай облысыныңгі 13 ауылында алкоголь өнімдерін сату мен тұтыну толығымен тоқтатылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бауыржан Садақбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Tura18.kz.
«Заң және Тәртіп» бағдарламасы аясында қылмыстың алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, мас күйінде жасалатын құқықбұзушылықтарды азайту үшін ауылдар мен аудандарда алкоголь сатуға және тұтынуға шектеулер енгізілді. Нәтижесінде ауылдық аймақтарда құқықбұзушылық деңгейі айтарлықтай төмендеді, – деді ол.
Облыста бүгінге дейін 1551 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 380-і биыл іске қосылды. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында бет-әлпетті танитын 86 заманауи камера, дрондар, сондай-ақ «Сергек-қорғау» және «Кибер-шериф» жүйелері қолданылуда.
Қазіргі уақытта басқарма қызметкерлері халықпен тығыз байланыс орнатып, барлық интернет платформаларында байланыс арналары ашылған. Азаматтар кез келген уақытта полицияға хабарласа алады. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыру үшін әлеуметтік желілерде профилактикалық видеолар мен түсіндіру материалдары тұрақты жарияланып келеді, – деді Бауыржан Садақбаев.

















