Абай облысының Көкпекті ауданында «Көркейген өлке – Көкпекті» спорт және мәдениет фестивалі дүркіреп өтті. Бұл дүбірлі мерекенің бас демеушісі – «Көкпекті» ауыл шаруашылық қоры, деп хабарлайды Tura18.kz.
Қор аудан әкімі Әділет Қожанбаевтың бастамасымен және жергілікті шаруа қожалықтары басшыларының, елжанды азаматтар мен жомарт жүрек кәсіпкерлердің қолдауымен құрылған. Ал оны құрудағы мақсат – әлеуметтік қолдау көрсетуден бастап, ауданның білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен өнер, спорт сияқты сан-саласын дамытуға үлес қосу. Нақтырақ айтқанда, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар жандарға, көмекке мұқтаж адамдарға жәрдемдесу, жетім балалар мен қарттарға қол ұшын беру, дарынды оқушылар мен студенттерді, жастар шығармашылығын қолдау, кадр тапшылығы мәселесін шешуге жәрдемдесу, жергілікті ауруханалар мен емханаларға мүмкіндігінше қолдау көрсету, мәдени-спорттық шараларға демеушілік көрсету сияқты игілікті істерге атсалысады.

«Көркейген өлке – Көкпекті» спорт және мәдениет фестивалі қордың ел бірлігін нығайтып, ұлттың рухын асқақтататын, бағзыдан жеткен баба дәстүрін насихаттайтын асыл мұратына сай келген тағылымды шараның бірі һәм бірегейі еді.
Бұл шара Көкпекті халқының рухын асқақтатып, өнер мен спортқа деген құлшынысын арттырып, мәдениетін жаңғыртты. Демек ұйымдастырушы қауымның діттеген мақсаты орындалды.
Фестивальдің ресми ашылу салтанатына Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан, Amanat партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Айдар Садырбаев және тағы басқа лауазымды тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бұл фестиваль ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында өткізіліп жатыр. Елдің рухын көтеріп, береке-бірлігін нығайта түсуді көздеген бұл шараға көкпектілік шаруа қожалықтарының басшылары бірлесіп құрған қор демеушілік етті. Қордың негізгі бір бағыттарының бірі – осындай үлкен спорт және мәдениет фестивалін өткізу. Мұндай іс-шаралар елдің еңсесін тіктеп қана қоймай, өңіраралық байланысты нығайтуға, халықтың ауызбіршілігін арттыруға, бұқаралық спортты дамытуға, ұлттық мұрамызды дәріптеуге зор ықпал етеді, – деді аудан әкімі Әділет Қожанбаев.
Көкпектінің тойына қонақтар да құр алақан келген жоқ. Ақсуат ауданының белді кәсіпкері, Абай облысы мәслихатының депутаты Қайырлы Хасенов тойға шашу ретінде 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлығын ала келді.

















