«Көркейген өлке – Көкпекті» спорт және мәдениет фестивалінің шымылдығы қазақстандық өнер жұлдыздары қатысқан гала-концертпен жабылды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Өнерсүйер қауым осы тойға арнайы келген белгілі әншілер Қазыбек Құрайыш, Қуандық Рахым, Мадина Садуақасова, Альбина Шардарова және тағы басқалардың өнерін тамашалап, ән-жырға сусындады. Осы ретте фестивальға 10 мыңнан астам адам қатысқанын атап өткен абзал.
Ашық аспан астындағы сахнада ән әуелеп, күй төгілді. Дүбірлі тойға жиылған жұрт әншілермен қосыла шырқап, ортаға шығып би билеп, думанды кештің көрігін қыздырды.
Бұл фестивальді көкпектілік ағайын көптен күтті. Қателеспесем осындай дүбірлі той бұдан 10-15 жыл бұрын болған. Жалпы бұл шара бастамасы. Негізі “Көкпекті” ауыл шаруашылығы қоры алдағы уақытта үлкен істерге мұрындық болып, білім, өнер, спорттағы дарынды жастарды қолдауға атсалысады. Мәселен, білім-ғылым, медицина, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге де мүмкіндігінше көмек көрсетеді. Былайша айтқанда туған жердің, өскен өлкенің өркендеуіне, дамуына үлес қосады, – деді “Елім-ай Көкпекті” ЖШС директоры Болат Бекбердинов.

















