Елордада ұлттық сусынымыз – қымызға арналған еліміздегі тұңғыш әрі ауқымды «BaiQymyz – бапталған қымыз» гастрофестивалі өтті. «Қазанат» ипподромында өткен шара екі күнде 70 мыңнан астам адамды жинап, нағыз қазақи рухтағы мерекеге айналды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Ең үздік қымыз: 20 млн теңге сыйақы
Фестиваль аясында өткен басты байқаулардың бірі – «Ең үздік қымыз» сайысы болды. Қатысушылардың өнімін дәм татып көрген қонақтар онлайн дауыс беру арқылы жеңімпаздарды анықтады. Жүлде қоры қомақты болды. Нәтижесінде келесі жүлдегерлер анықталды:
І орын – Абай облысы, Саржал ауылы, «Жаныс» ШҚ – 20 млн теңге
ІІ орын – Қарағанды облысы, «Қарынши» ШҚ – 15 млн теңге
ІІІ орын – Ақмола облысы, «Қабдулин» ШҚ – 10 млн теңге
Zhanykulov Foundation тағайындаған арнайы марапаттар иегерлері:
«Алтын күбі» – Қарағанды, «Батыр рух» – 1 млн тг
«Алтын қор» – Ұлытау, «Nomad milk» – 1 млн тг
«Күміс торсық» – Абай, «Әділ қымыз» – 500 мың тг
«Күміс шара» – Ақмола облысы – 500 мың тг
«Ер Қанаты» – тұңғыш жылқы көрмесі
Фестивальдің аясында тұңғыш рет өткен «Ер Қанаты» жылқы көрмесіне 3 мыңнан аса адам қатысты. Элиталы және ұлттық тұқымдағы жылқылар – ақалтеке, ағылшын, орыс желісті, гонновер және жабы, мұғалжар, қостанай, бесқарағай секілді қазақы тұқымдар келушілердің назарын аудартты.
Көрме қорытындысы:
«Ең сұлу жылқы» – мұғалжар тұқымы
«Ең жүйрік жылқы» – қостанай тұқымы
«Ер Қанаты – бұл жай көрме емес, бұл қазақтың ат мәдениетін сақтауға бағытталған қозғалыс», – деді жобаның авторы Әділ Орынбасарұлы.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, көрме жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналады. Келесі көрме ҚР күніне орайластырылып өткізіледі.

















