Көкпекті аудандық Оқушылар сарайында Қазақстан Шеберлер одағының мүшесі, күміс және түсті металдан ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайтын зергер Оралбек Бекқалидің көрмесі өтті, деп хабарлайды Tura18.kz.
Көрмені таныстыру барысында зергер күмістен әшекей бұйымдарды қалай жасайтынын көрсетіп, шеберлік сабағын өткізді. Күміс бөлшектерін қалай өңдеп, бір-біріне жабыстыру және арнайы дайындалған ұяшыққа тас орнату жұмысын баяндай отырып келушілерге көрсетіп берді.

Оқушылар сарайының басшысы Асқар Дүйсенбекұлы Оралбек Бекқалидің Көкпектіге келіп көрме өткізгеніне ризашылық білдіріп, ақ тілегін арнап, естелік сыйлық табыстады. Оның айтуынша Көкпекті мен Самар аудандары бірге болған уақытта Оралбек Оқушылар сарайының Самардағы бөлімшесінде қызмет атқарған.
Оралбектің жұбайы Кәмшат Айтау да – Қазақстанға танымал сәндік өнер шебері. Оның қолынан шыққан өнер туындылары респуликалық, халықаралық деңгейдегі маңызы жоғары бірнеше көрмеге қойылған. Ол да Қазақстан Шеберлер одағының мүшесі. Кәмшат сонымен қатар «Шығыс кәдесыйы» атты қолөнер шеберлерінің облыстық конкурсында екінші орын иеленген.

Ерлі-зайыпты қолөнер шеберлері екеуі де Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейінде көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Оралбек Бекқалиұлының Көкпектіде өткізген көрмесі келушілердің қолөнерге деген сүйіспеншілігін арттырғаны анық.
Фархат Маратұлы

















