Көкпекті ауылында Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай аймақтық футбол турнирі ұйымдастырылды. Дүбірлі доп додасы аймақтық деңгейде өткізілгендіктен, оған Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан жиыны 14 команда қатысып, бәсекенің көрігін қыздырды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Жарыстың негізгі мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, ауыл жастары арасындағы футболды дамыту және дарынды спортшыларды қолдау.
Футбол мерекесінің ұйытқысы болған спорт жанашырлары — Олжас Сұлтанов пен Дархан Көбелеков. Олар турнирді бастан-аяқ өз қаражаттарына өткізіп, жүлде қоры мен алаңның безендірілуіне демеушілік етті.
Көкпектіде талантты жастар көп. Өзім де осы жерде мектепте оқыдым, футболға деген махаббатым сол кезден басталды. Қазір қалада тұрсам да туған жердің спортына үлес қосқым келеді. Бұл турнир — соның бір дәлелі, — деді Олжас Сұлтанов.
Турнирде жиыны 14 команда бақ сынады дедік, олардың ішінде «Аксуат», «Тассай», «Ойшілік», «Шұғылбай», «СемСтар», «Дос», «Жол», «Көкпекті», «Самар-1», «Самар-2», «Үлкенбөкен», «Өскемен», «ПЧ-17», «Шәріптоғай» сынды ұжымдар бар. Жасыл алаңдағы жан алысып, жан беріскен тартысты ойынның нәтижесінде бірінші орынды «Ойшілік» футболшылары жеңіп алып, кубок пен 100 000 теңге ақшалай жүлдені иеленді. Екінші орын алған «Көкпекті» командасы күміс медаль мен 50 000 теңге ақшалай сыйлықты місе тұтты. Үздік үштікті түйіндеген «Самар-1» ойыншылары қола медаль мен 30 000 теңгенің сертификатын қанжығалады.
Фархат Маратұлы

















