Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Абай облысына жұмыс сапарымен келіп, ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына дайындық барысын пысықтады, деп хабарлайды Tura18.kz.
КИІЗ ҮЙЛЕР ҚАЛАШЫҒЫ
Мерейтой аясындағы негізгі іс-шаралар өтетін орынның бірі — Абай ауданының Қарауыл ауылы жанындағы Қарауылтөбе. Облыс әкімі Берік Уәли осы жерде мерейтойға дайындық барысы туралы баяндады. Мұнда 400 көрерменге арналған үлкен дала сахнасы, атшабар, киіз үйлер қалашығы, кәсіпкерлерге арналған 2500 шаршы метрлік сауда аймағы, сонымен қатар жарық, су, кәріз желілері мен санитарлық инфрақұрылым қарастырылған. Қазіргі уақытта қосымша жолдар салынып жатыр.
Қарауылтөбеге 184 киіз үй тігіледі. Арнайы жабдықталған дәретханалар қойылып, электр желісі тартылып, жарық шамдары орнатылды. Мерейтой қарсаңында Жидебай музей-қорығы аумағында интернет желісі іске қосылды. Антенналық-матчты құрылғы бүгін Бөрілі елді мекеніне қойылды.
«СҰЛУ ӘЙЕЛ», «ЕР ЖІГІТ»
Ермек Көшербаев Қарауыл ауылындағы Абай саябағын көрді. Жалпы ауданы 15 гектар болатын бұл саябақ ақынның 175 жылдығына орай салынған. Қазір мұнда абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мерейтой аясында осы саябақта республикалық «Жеті қазына» фестивалінің ашылу салтанаты, сондай-ақ «Сұлу әйел» және «Ер жігіт» сайыстары өтеді.
Ермек Көшербаев «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінде атқарылып жатқан қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. «Қазреставрация» мекемесі кесенелерді ағарту, электр жарығын және сыртқы бағаналарды қалпына келтіру, сырлау-бояу, ақпараттық жолнұсқа белгілерді орнату жұмыстарын аяқтауға жақын.
Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев Абай ауданындағы мерейтойға дайындық шараларына оң бағасын беріп, қалған жұмысты сапалы және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

















