Көкпектіден Биғаш ауылына шыға берісте орналасқан Танаш ата зираты қоршалып жатыр, деп хабарлайды Tura18.kz.
Аудан орталығы тұрғындарының мұрындық болуымен қолға алынған игілікті бастаманы аудандық ардагерлер кеңесі мен мешіт ұжымы қолдап, ортақ іске жұмыла кірісті. Ал Биғаш ауылдық округінің әкімдігі бейіт басына киіз үй тікті. Зират қоршауына бюджеттен бір тиын ақша жұмсалған жоқ. Бәрін жергілікті тұрғындар, оның ішінде кәсіпкерлер мен қалталы азаматтар көтеріп алды. Атап айтсақ, Көкпектіде тұратын Ермек Қалиев алғаш жұмыс басталған сәтте бір қойын сойып, құран оқытып, ас берді. Ал кәсіпкер Арнұр Маутканов қолда бар техникасын, жүк көлігін әкеліп, жергілікті тұрғындардан құралған жұмысшы күшіне қажетті материалдың барлығын жеткізіп беріп, жүйелі жұмысқа бастамашы болды. Өз еркімен осы жұмысқа үлес қосып жатқан азаматтар қоршаудың сапалы шығуына күш салуда.

















