Семейде Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар аясында «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны өтті. Көкпекті ауданының “Аң стилі” командасы “Үздік аудан” аталымын жеңіп алды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Шараның мақсаты – жастардың білімге деген қызығушылығын арттыру, Абай мұрасын заманауи форматта насихаттау және қазақ тіліндегі зияткерлік ойындарды кеңінен дамыту.
Зияткерлік сайыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.
Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен, 10 өңірден келген 180 команда, 1080 зияткердің қатысуы – Қазақстанның интеллектуалды ойындар тарихындағы ерекше оқиға. Бүгінгі «Абай QUIZ» тек білім сайысы емес, жас буынның ұлттық танымын, ой-өрісін кеңейтетін, интеллектуалды әлеуетін арттыратын бірегей және дәстүрлі алаңға айналатынына сенеміз. Хәкімнің өзі айтқандай, «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады». Біз бүгінгі рекордтық деңгейдегі шараны ұйымдастыра отырып, интеллектуалды ұлт ретіндегі мүмкіндігімізді тағы бір айшықтаймыз деп ойлаймын, — деді ол.
Облыстық Жастар мәселелері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен, Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен шараға еліміздің 10 өңірінен 1 080 ойыншы қатысты. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл және Абай облыстарынан 180 команда өзара бақ сынады. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейде ұлттық рекорд ретінде Қазақстан рекордтар кітабына ұсынылады.
Зияткерлік сайыс жеті кезеңнен тұрды. Әр кезеңде Абай мұрасы мен әр түрлі салаларға байланысты тақырыптар қамтылды. Ойын барысында қатысушылар ой ұшқырлығы мен білім деңгейін сарапқа салды. Сайыстың жалпы жүлде қоры 4,7 миллион теңге болды. Жүлделі бірінші орынды «Brainstorm» (Астана), екінші орынды «Алматы Микс» (Алматы), үшінші орынды «Тұрақсыз тіркестер» (Семей) командасы иеленді.
Жеңімпаз командаға 1 миллион теңге берілді. Сонымен қатар үздік өнер көрсеткен командаларға түрлі номинациялар бойынша марапаттар табысталды. Көкпекті ауданының «Аң стилі» командасы «Үздік аудан» номинациясында жеңімпаз атанды.

















