Абай облысында ұлы ойшылдың 180 жылдық мерейтойына орай мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында кешенді жұмыстар қолға алынды. Солардың бірі – волонтерлік қызметті үйлестіру мен жандандыру, деп хабарлайды Tura18.kz порталы ABAI AQPARAT-қа сілтеме жасап.
Қазір мерейтой аясындағы іс-шараларға қатысатын еріктілер қозғалысын ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аталған мәселе төңірегінде қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының директорлары мен мамандары, жоғары оқу орындары мен колледждердің тәрбие ісі жөніндегі бөлім басшылары, сонымен қатар белсенді студент жастар бас қосып, маңызды сұрақтарды талқылады.
Шараға Абай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Олжас Бейсенбаев пен Қазақстан Жастары конгресінің атқарушы директоры Бақдәулет Жанділдаев қатысып, волонтерлік қызметтің бағыттары, атқаратын міндеттері мен оның қоғамдық маңызы жайында жан-жақты ақпарат ұсынды.
Сондай-ақ Бақдәулет Жанділдаев өз сөзінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде еріктілерді жұмылдыруда жинақталған тәжірибесімен бөлісіп, мерейтой аясында осы үлгіні қолданудың тиімді жолдарын ұсынды.
Кездесу ашық сұхбат форматында өрбіп, волонтерлік қозғалысты ұйымдастырудағы өзекті мәселелер, мотивациялық әдістер мен нақты іс-шаралар тетігі егжей-тегжейлі талқыланды. Қатысушылар ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ортақ мүдде жолында бірлесе әрекет етуге уағдаласты.

















