Бородулиха ауданында қардың мол түсуіне байланысты аудандық және ауылішілік жолдарды тазарту қарқынды жүргізіліп жатыр. Аудан орталығында қар күреумен коммуналдық мекеме айналысса, ауылдарда жолды күтіп ұстау мердігер ұйымдармен жасалған келісім мен меморандум аясында жүзеге асырылады, деп хабарлайды Tura18.kz.
Аудан аумағынан өтетін облыстық маңызы бар жолдарға «Семей жолдары» филиалы жауапты. Олар да қар және жолды көктайғақтан тазалау жұмыстарын қатар жүргізіп отыр.
Барлық бағытта қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін жұмыстар тәулік бойы жалғасады.
Қыс келісімен Бесқарағай ауданында да коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қар күреуге 14 арнайы техника және 100-ге жуық маман жұмылдырылған. Сонымен қатар аудан жастары мен мектеп оқушылары 21 жалғызбасты қарияға көмектесіп, аула мен үй маңын қардан тазалады.
Ел көлеміндегі акцияға бесқарағайлықтар алғашқы күннен бастап белсенді қатысып келеді. Жаз айларында көшет отырғызу, абаттандыру және қоқыс шығару жұмыстарын атқарсақ, қазір қардан тазалау жұмыстарын жалғастырудамыз. Бұл акция барлығымызды біріктіріп, ортақ іске жұмылдырады. Сондықтан да әр тұрғынды бей-жай қалмай, атсалысуға шақырамын, – деді Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сұңғат Назаров.

















