Абай облысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қар күреу және қарды шығару жұмыстары тұрақты түрде атқарылып жатыр. Коммуналдық және жол қызметтері елді мекендер мен автомобиль жолдарында күшейтілген режимге көшірілді, деп хабарлайды Tura18.kz порталы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бесқарағай ауданында аудан орталығы Бесқарағай ауылындағы 42 көшеде қар тазалау және жолды кеңейту жұмыстарына 4 арнайы техника мен 8 жұмысшы жұмылдырылған. Жыл басынан бері ауыл аумағынан 4 мың текше метр қар шығарылды. Сонымен қатар Канонерка, Баскөл, Малая-Владимировка ауылдық округтерінде де тазалау жұмыстары жүргізіліп, аудан бойынша жалпы 10 780 текше метр қар шығарылған. Су басу қаупінің алдын алу үшін 158 су өткізу құрылысының арналары тазартылып, 6 200 қапшықтан тұратын қор дайындалды.
Көкпекті ауданында биыл қар мөлшері әдеттегіден көп. «Қазгидромет» мәліметіне сәйкес қар қалыңдығы 60 сантиметрге жетіп, жердің қату деңгейі 98 сантиметрді құраған. Аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар жолдарды тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 500,6 шақырым жол желісіне қызмет көрсетілуде. Қар тазалауға 5 тиегіш, 2 грейдер, 6 МТЗ тракторы және 4 КамАЗ техникасы тартылып, бүгінге дейін 2 мың текше метр қар шығарылды.
Бородулиха ауданында қар тазалау және шығару жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес күн сайын жүргізілуде. Көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2 автогрейдер, 4 тиегіш техника және 12 самосвал жұмыс істеп жатыр. Қыс басталғалы аудан аумағынан 28 500 текше метрден астам қар шығарылған.
Аягөз ауданында да қар тазалау жұмыстары тұрақты ұйымдастырылуда. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күн сайын 12 арнайы техника жұмылдырылып, қазіргі уақытқа дейін 15 900 текше метр қар шығарылды.
Үржар ауданында қардың қалың түсуіне байланысты тазалау жұмыстары ерте басталып, тәулік бойы жүргізілуде. Қолайсыз ауа райына қарамастан, жұмыстар тоқтаусыз жалғасып жатыр. Аудан бойынша барлығы 47 арнайы техника тартылған, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда 10 техника қызмет көрсетуде. Бүгінгі күнге дейін 3 мың текше метрге жуық қар шығарылды.
Коммуналдық қызметтер алдағы уақытта да жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жұмыстарды жалғастыра бермек.

















