Абай облысының әкімі Берік Уәли құрылысы аяқталған нысандарды қабылдамай тұрып ондағы барлық кемшілікті жою керектігін ескертті. Ал аудан әкімдеріне жаңадан бой көтеретін медициналық мекемелерді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Бұл туралы аймақ басшысының төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңесте айтылды. Алқалы жиында облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлфайрус Серікболова квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаржылық тұрақтылығына қатысты ахуалды баян етті.
Жиында төмен нәтиже көрсеткен мекемелердің даму жоспарларын бекіту, қаржылық ахуалды сауықтыру бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу міндеті қойылды.
Өңір басшысы басқармаларға қарасты кәсіпорындарға алдағы бес жылдық кезеңге қаржылық-шаруашылық қызметті жақсарту бойынша жоспар әзірлеп, бекітуді, мемлекеттік мүлік тізіліміндегі қаржылық-шаруашылық қызметтің нәтижелерін бухгалтерлік есеп деректерімен сәйкестендіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.
Бақылау сылбыр
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында өңірде салынған медициналық нысандардың құрылысына қатысты мәселелер қаралды. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков баяндады.
Облыста 2023-2025 жылдарға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 65 жаңа медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланған. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 10 фельдшерлік-акушерлік пункт, 40 медициналық пункт бар. Бүгінде олардың 62-сінің құрылысы аяқталған, алайда 17 нысан ғана медициналық ұйымдардың қарамағына берілген.
Аймақ басшысы құрылыс басқармасына нысандарды қабылдау рәсіміне дейін ондағы барлық ақауларды жоюды, барлық аудан әкімдеріне медициналық мекемелерді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Соңғы өткен жиналыста әкімдерге салынып жатқан нысандардың сапасына бақылау жүргізуді тапсырған едім. Инспекторлар жүргізген мониторинг қорытындысы қадағалау жұмыстарының жүргізілмегенін көрсетіп отыр. Дайын деген нысандарда көптеген ақаулар әлі де түзетілмеген. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру керек, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы кеңесте өңірдегі мал қорымдарының жағдайына назар аударып, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмысты жалғастырып, Полиция департаментіне құзырлы органдармен бірлесіп тұрақты рейд жүргізуді жүктеді.

















