Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Абай облысының Жарма технология колледжінде «Алтын Шар» шағын наубайханасы іске қосылды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Қазір колледжде 171 студент білім алады. Оқу процесін 65 қызметкер, оның ішінде 30 педагог қамтамасыз етеді. Оқу орны ауыл шаруашылығын механикаландыру, автомобиль көлігін техникалық пайдалану, жөндеу және қызмет көрсету, тігін өндірісі және киімді модельдеу, дәнекерлеу ісі, пайдалы қазбаларды ашық тәсілмен өндіру, ветеринария және тамақтандыруды ұйымдастыру мамандықтары бойынша кадрлар даярлайды.
Шағын наубайхананың мақсаты – дуальды оқытуды дамыту, студенттерді нақты өндірістік ортада тәжірибеден өткізу және кәсіби машықтарын жетілдіру. Мұнда студенттер қамыр илеп, дайын өнім пісіру мен ұсынуға дейінгі барлық кезеңді меңгереді. Жұмыс үдерістері өндірістік тәртіп пен сапа талаптарына сай ұйымдастырылған.
Наубайханаға LAI BAO компаниясының жаңа электр пеші мен қамыр илеу жабдығы орнатылды. Бұл құралдар нан және кондитер өнімдерін пісіруге мүмкіндік береді.
Қазір тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығында 36 студент оқиды. Жаңа наубайхана олардың кәсіби машықтарын жетілдіруге үлкен мүмкіндік беріп отыр.

















