«Әділет» партиясы Amanat партиясының басшылығы мен мүшелеріне партия қатарына қосылу туралы қабылдаған шешімі үшін алғыс білдірді.
Партияның мәлімдеуінше, бұл қадам еліміздегі саяси жаңғыру үдерістерін қолдауға бағытталған маңызды әрі жауапты шешім ретінде бағаланады.
Біз бұл шешімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құруға және азаматтардың мүддесіне сай жүйелі реформаларды жүзеге асыруға бағытталған саясатын қолдау деп қабылдаймыз, – делінген партия хабарламасында.
Сондай-ақ партия өкілдері бүгінде қоғамның әл-ауқатын арттыру, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттарын нығайту сияқты ортақ мақсаттардың маңыздылығын атап өтті.
«Әділет» партиясы жауапкершілік, адал еңбек және Қазақстанның тұрақты дамуы құндылықтарын қолдайтын барлық азаматқа ашық екенін мәлімдеді. Партия алдағы уақытта халықтың әл-ауқатын арттыруға және мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді.














