Семейде талай жыл түйіні тарқатылмай келген өзекті проблеманың бірі – жаздағы ыстық су тапшылығы кезең-кезеңімен шешімін табатын болды. Қала әкімі Әділет Қожанбаев тұрғындардың «қолын жылы суға» малуға уәде берген, сөзінде тұрды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Естеріңізде болса, шаһар басшысы Әділет Қожанбаев өзінің сайлауалды бағдарламасында жаз шықса ыстық сусыз қалатын семейліктердің мәселесін шешуді басым бағыттардың бірі ретінде атаған. Халықтың алдында сөз берген. Ол кезде бірақ әкім болуға үміткер тұлғаның бұл сөзіне ешкім жіті назар аудармаған. Кезекті бір шенеуніктің үйіп-төккен құрғақ уәдесі деп қабылдаған. Бірақ уақыт өте тұрғындар айтылған уәденің орындала бастағанын көріп, болашаққа үлкен үміт артып отыр. Бүгінде сол міндеттің орындалуы нақты жобалар мен қаржыландыру арқылы жүзеге аса бастады.
Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында жергілікті бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлініп, қаладағы 10 жылу көзінде, соның ішінде ЖЭО-1-де жөндеу жүргізіледі. Бұған қоса кәсіпорынның есебінен тағы 736 миллионнан астам теңге қарастырылған. Жөндеу жұмысы ағымдағы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін басталады және кезең-кезеңімен жүргізіледі. Нәтижесінде қаланың басым бөлігінде жаз бойы ыстық су үздіксіз беріледі, – деді қала әкімі Әділет Қожанбаев.
Жоспарға сәйкес, ыстық су кезең-кезеңімен беріледі. Қаланың сол жағалауында ЖЭО-1 арқылы 252 көпқабатты тұрғын үй қамтылса, оң жағалауда Ғаббасова қазандығы 186 үйді, «МЭН» қазандығы 43 үйді, ал РК-3 120 үйді ыстық сумен қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, биыл жазда 601 көпқабатты тұрғын үй немесе 40 мыңнан астам абонент ыстық суға қол жеткізеді. Бұл — қала тұрғындарының едәуір бөлігі үшін бұрын болмаған мүмкіндік.
Барлық мәселе бірден шешілмейді. Қазірдің өзінде 96 тұрғын үйде ішкі жылу желілерін жаңғыртуға байланысты уақытша шектеулер сақталады. Дегенмен, бұл толыққанды жүйеге көшу жолындағы кезеңдік жұмыс, – деді қала әкімі.
Мамандардың пікірінше, бұл өзгерістер адамдардың тұрмыс сапасын арттыру ғана емес, сонымен қатар қаладағы коммуналдық инфрақұрылымды жүйелі жаңғыртудың көрінісі. Жылу желілерін жаңарту апатты жағдайды азайтып, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жылу жүйесін жөндеуге қосымша 1,3 миллиард теңге көлемінде бюджеттік өтінім берілген. Бұл қаржы бөлінсе, жұмыс ауқымы одан әрі кеңейеді.
Осылайша, Семейде ұзақ жылдар бойы қордаланған мәселе нақты шешімін таба бастады. Қала әкімінің сайлауалды уәдесі іс жүзінде орындалып, тұрғындар үшін жазда ыстық судың болуы шындыққа айналғалы тұр.

















