Ақсуат ауданында Құмкөл ауылына кіреберістегі Тебіске өзені арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты, деп хабарлайды Tura18.kz порталы Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұзындығы 55 метр болатын көпір аудандық маңызы бар автомобиль жолының бойында орналасқан. Жоба аясында ұзындығы 832 метр жол учаскесі толық жаңартылып, заманауи талаптарға сай инфрақұрылым жасалды. Сондай-ақ қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қоршаулар орнатылып, өзен арнасына түсіп-шығуға арналған баспалдақтар салынды.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли жаңа нысанның өңір үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бір жыл бойы жүргізілген құрылыс жұмыстары сапалы орындалған.
Бұл көпір Құмкөл және Ойшілік ауылдық округтерінің 4 мыңға жуық тұрғынын аудан орталығымен тұрақты байланыстырып, шекаралық аймақта орналасқан Қасым Қайсенов және Хабарасу шекаралық бекеттеріне қатынауды қамтамасыз етеді. Жаңа нысан тұрғындардың тұрмысын жақсартып, өңірдің дамуына үлес қосады деп сенеміз, – деді аймақ басшысы.
Ауыл тұрғындары да жаңа көпірдің ашылуын қуанышпен қарсы алды. Жергілікті қоғамдастық төрағасы Ерлан Тоқтабаевтың айтуынша, бұл нысан Ойшілік пен Құмкөл ауылдары арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың қатынасын жеңілдетеді.
Жаңа көлік өткелі облыстық және республикалық маңызы бар жолдармен көлік байланысын жақсартып, тұрғындардың қауіпсіз әрі үздіксіз қатынауына, жүк тасымалының тиімділігіне және өңір экономикасының дамуына мүмкіндік береді.














