Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы берісі облыс, арысы ел аумағында дүркіреп өтті. Республикалық, халықаралық деңгейдегі іс-шаралар да аз ұйымдастырылған жоқ. Бұл дүбірлі мерейтойға Көкпекті ауданының халқы да атсалысты, деп хабарлайды Tura18.kz.
Хәкімнің туған жері Қарауыл ауылында «Жеті қазына» республикалық ұлттық мәдениет, спорт және туризм байқауы өтті. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған 200-ден астам кіл мықты үш күн бойы түрлі сайыстарға түсіп, бақ сынады.
Жеті қазына бұл — ер жігіт, сұлу әйел, ілім-білім, қыран бүркіт, жүйрік ат, құмай тазы және берен мылтық. Фестиваль халқымыздың өмір салтын тереңнен таныстыратын, ұлттық мұраларымызды насихаттайтын бірегей жоба.
Ұлттық спорт пен руханиятты үйлестірген «Ер жігіт-2025» сайысында Көкпекті ауданы, Көкжайық ауылының тұрғыны Ерлан Әзімбай бақ сынады. Бір айта кетерлігі, Ерлан Әзімбай үлкен тәуекелге барып, Көкпектіден Қарауылға дейінгі 350 шақырымдық жолды өзінің «Қырғыз» атты жүйрігімен жүріп өтті. Ол белгіленген жолды төрт күнде жүріп өтіп, өзінің бұл сапарын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық тойына арнады.
Қазақ қызының көркі мен нәзіктігін паш ететін «Сұлу әйел-2025» сайысында Ахан Айгерім аудан намысын қорғады.
Ер жігіттер теңге ілу, қазақ күресі, қой көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен күш-қуаты мен шығармашылық қарым-қабілетін ортаға салса, бұрымдылар ұршық иіру, бауырсақ пісіру және ет жіліктеу бойынша өнер көрсетті. Сайыс нәтижесінде Ахан Айгерім «Ақыл мен сұлулықтың үйлесімі» номинациясымен марапатталып, 200 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал, «Ер жігіт» сайысында өнер көрсеткен Ерлан Әзімбай байқауға қатысып, ұлттық өнерді дәріптеуге үлес қосқаны үшін алғыс хатпен марапатталды. «Ілім-білім» сайысына Аягөз Мұқиятқызы қатысып, ынталандыру сыйлығына ие болды. Ал «Берен мылтық» сайысында Елдос Төкенов Көкпекті ауданы атынан дәстүрлі садақ ату сайысына қатысты.
Гүлім Ерланқызы

















