Абай облысының Ақсуат ауданында өтетін «Алтын бесік — Ақсуат» өнер және спорт фестивалі Туризм және спорт министрлігі әзірлеген 2026 жылға арналған мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесіне кірді. Құжатта еліміздің 20 өңірінде өтетін 55 ауқымды іс-шара қамтылған, деп хабарлайды Tura18.kz.
Күнтізбе ішкі туризмді насихаттауға, туристік бағыттарды кеңейтуге және өңірлік брендтерді дамытуға бағытталған және оған мәдени, этномәдени, спорттық, гастрономиялық және экологиялық бағыттағы түрлі оқиғалар енгізілген. Бұл туристерге жеке қызығушылықтары мен маусымдық ерекшеліктерін ескере отырып, сапар бағыттарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Жоспарланған бастамалардың басым бөлігі дәстүрлі түрде өткізіледі. Мұндай іс-шаралар өңірлерге деген қызығушылықты қалыптастырып, оқиғалар күн тәртібінің сабақтастығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жобалардың көпшілігі бизнес өкілдерінің қатысуымен немесе демеушілігімен ұйымдастырылады. Бұл оқиғалы туризмді бюджетке қосымша салмақ түсірмей дамыту қағидатына сай келеді.
Туристерге ыңғайлы болу үшін туристік күнтізбе енгізілген www.event.qaztourism.kz веб-ресурсы әзірленді. Платформа арқылы іс-шараларды күні, өңірі, санаты және ауқымы бойынша ыңғайлы әрі жедел таңдауға болады.
2026 жылға арналған күнтізбе – Мемлекет басшысының 2025 жылғы 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаларын іске асыру аясындағы қадамдардың бірі. Бұл бастама оқиғалы туризмді жүйелі дамытуға, өңірлердің туристік бірегейлігін нығайтуға, қолайлы цифрлық шешімдер қалыптастыруға және Қазақстан бойынша саяхаттардың тартымдылығын арттыруға бағытталған.

















