Биылғы жаз басталғалы Көкпекті ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар суық түсіп, тоң тұрғанша жалғасады, деп хабарлайды Tura18.kz.
Қазір аудандық маңызы бар 26 шақырымдық Үлкенбөкен – Көкжайық – Үлгілімалшы жолы жөнделіп жатыр. Айта кету керек, бұл бағыттағы жолға ешқашан асфальт төселмеген, тек ағымдағы жөндеу жүргізіліп келген.
Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 11 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілмек. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Шілде айында басталған жұмыс барысында жолдың ойлы-шұңқыр жеріне қиыршық тас төгіліп, тегістелді. Енді жолшылар асфальт жаюға кірісті. Бүгінге дейін 2 шақырымнан артық қашықтыққа асфальт төселді. Жұмысқа 14 техника мен 20 адам жұмылдырылған.
Екінші кезеңде қалған 15 шақырым жол жөнделеді. Қаржыландыру мәселесі шешімін тапса бұл жұмыс келер жылы жүзеге асырылады.
Әмір Бек

















