Биылғы 29-30 мамыр күндері Абай облысы Көкпекті ауылында белгілі тұлға Қонысбай Көпесұлының 100 жылдығына арналған «Баба рухы – балаға мұра» атты республикалық мерекелік шара ұйымдастырылады.
Айтулы мереке Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында өткізіледі. Іс-шара Көпесовтар әулетінің бастамасымен және Көкпекті ауданы әкімдігінің қолдауымен қолға алынған.
Ұлттық рух пен дәстүрді дәріптейтін думанды той барысында қазақтың төл спорты кеңінен насихатталады. Атап айтқанда, 100 шақырымдық «Толағай тұлпары» бәйгесі, аламан бәйге және топ бәйге болады. Бұл үш бәйгенің бас жүлдесіне шетелдік көліктер тігіліп отыр.
“Жүзден жүйрік” тұлпарлар сынға түсетін дүбірлі ат жарысы Көкпекті ауылындағы ипподромда өтеді. Сонымен қатар, қонақтарға «Елімай» және «Дильназ» мейрамханаларында арнайы ас беріледі.














