Абай облысында жұқпалы ауруларға байланысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Tura18.kz.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, халықтың осал топтарына жергілікті бюджет есебінен 60 мың доза вакцина сатып алынып, бүгінге дейін 60 701 адам егілген. Медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмек, жабдық жеткілікті, 110 сүзгі кабинеті мен 40 жедел жәрдем кабинеті жұмыс істеп тұр. Қала мен аудандардағы стационарларда оқшаулау бөлмелері дайындалған.
Өңірде 246 инфекциялық төсек-орын бар, жағдай Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп күнделікті қадағаланады.
Аймақ басшысы желтоқсанның ортасына қарай тұмау және ЖРВИ бойынша сырқаттанушылықтың өсуі мүмкін екенін айтып, бірінші орынбасары Ербол Садыр мен денсаулық сақтау басқармасына барлық медициналық, білім беру және әлеуметтік мекемелерде бетперде режимін сақтау, инфекциялық төсек-орындарға күнделікті мониторинг жүргізу және қосымша резерв дайындау жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ, тұмауға қарсы екпе мен профилактикалық шаралар бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.

















