Ұлы Отан соғысының ардагері, «Халық қаһарманы» атағының иегері Әбдіғали Қаймолдин 104 жасында дүниеден өтті. Абай облысының әкімі Берік Уәли марқұмның отбасына және туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Tura18.kz.
Азаматтығы асқақ, ел мен жерге адал қызмет еткен көрнекті тұлғаның жарқын бейнесі халық жадында сақталады. Қайғы жамылған отбасына, туған-туыстарына, бүкіл Абай өңіріне қайғыра көңіл айтамын. Алла алдынан жарылқап, артында қалған ұрпағына сабыр, амандық берсін. Иманы саламат болсын, – делінген әкімнің көңіл айту хатында.
Әбдіғали Қаймолдин небәрі 17 жасында майданға аттанып, төрт жыл бойы Сталинград, Харьков, Украина, Беларусь және Балтық майдандарында ерлікпен шайқасты. Жауынгер бірнеше рет ауыр жараланса да, ұрыс даласын тастамай, Отан қорғау жолындағы борышын абыроймен атқарды.
Соғыстан кейін де ел игілігіне қызмет етіп, облыстық және аудандық басқару органдарында түрлі лауазымдарды атқарды.
2023 жылы Жеңістің 78 жылдығына орай Мемлекет басшысының Жарлығымен оған «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Отан» ордені мен Алтын жұлдыз табысталған еді.

















