Семей халқы өз таңдауын жасады. Ел тарихында тұңғыш рет өткен қала әкімін тікелей сайлауда басым дауыспен Әділет Қожанбаев жеңіске жетті, деп хабарлайды Tura18.kz.
Бұл сайлау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан елдегі саяси реформалардың нақты жемісі дер едік. Осыған дейін Қазақстанда бірде-бір қаланың әкімі тікелей дауыс беру арқылы сайланбаған, тек тағайындалған. Енді міне алғаш рет тұрғындар өз таңдауын жасап отыр. Сондықтан да бұл оқиға Семей қаласының саяси өміріндегі тарихи сәт болып саналады.
Сайлау қорытындысы бойынша Әділет Қожанбаев 77,1% дауыс жинап, жеңіске жетті. Оның қарсыластары Қаныш Төлеуов 10,8%, Айболат Бекжасаров 8,4% дауыс жинаса, 3,7% адам барлығына қарсы дауыс берді.
Анықтама
Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев 1980 жылы 1 қаңтарда Көкпекті ауданы, Биғаш аулында дүниеге келген.
Қазтұтынуодағының аң-терісі мех колледжін экономика, бухгалтерлік есеп және талдау мамандығы бойынша бітірген. Тұран университетін бухгалтерлік есеп және талдау, құқықтану мамандықтары бойынша бітірді.
Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясында оқып, іскерлік әкімшілендіру шебері – Master of Business Administration (MBA) біліктілігін алды.
Еңбек жолын 2000 жылдан бастап «Крамдсбанк» АҚ Семей филиалының тарату комиссиясында кредиттік қызметкер ретінде бастады.
2001-2013 жылдары — Алматы қаласындағы «БТА Ипотека» АҚ-да процессинг және кепіл мониторингі бөлімінің басшысы, кредиттік басқарманың басшысы, атқарушы директоры болды.
2013-2014 жылдары- «Темірбанк» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі, Семей қаласындағы банк филиалының директоры қызметтерін атқарды.
2014-2021 жылдары -«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да операциялық департамент директоры,басқарушы директор, басқарма төрағасының орынбасары болып еңбек етті.
2021-2022 жылдары — «Қазақтелеком» АҚ Алматы қаласындағы сервистік фабрика филиалының бас директоры,
2022-2024 жылдары Абай облысының қаржы басқармасын басқарды.
2024 жылдан Көкпекті ауданының әкімі қызметін атқарды.

















