Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте бірқатар өзекті мәселе қаралды. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, коммуналдық қызметтер мен бөлім басшылары қатысты, деп хабарлайды Tura18.kz.
Күн тәртібінде тіл саясатын дамыту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының іске асырылуы қаралды.
Қалада мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Былтыр түрлі форматта 20-дан астам іс-шара ұйымдастырылып, оның ішінде білім сайыстары, әдеби жобалар мен тілге қатысты байқаулар өтті. Сонымен қатар көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін заң талаптарына сәйкестендіру шаралары күшейтілген.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында да оң көрсеткіштер бар. Тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында әлеуметтік желілер арқылы ауқымды түсіндіру жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде ондаған мың адам қамтылған. Жалпы, көрсетілген қызмет саны 37 мыңнан асты.
Экологиялық бағыттаңы жұмыс жалғасып жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы аясында қала аумағынан көп мөлшерде қоқыс шығарылып, алдағы уақытта мыңдаған көшет егу жоспарда бар.
Кеңес қорытындысында қала басшысы жауапты органдарға нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жарнама талаптарының сақталуын қатаң бақылау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және заң бұзу деректерінің алдын алу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу үшін бақылауды күшейту тапсырылды.

















