«Көркейген өлке – Көкпекті» спорт және мәдениет фестивалі аясында Абай ауданына тамаша тарту жасалды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл тойына орай «Көкпекті» ауыл шаруашылығы қоры атынан Абай ауданына «Chevrolet Monza» автокөлігінің кілті табысталды. Осы тарту арқылы Көкпекті халқы ұлылар туған өлкеге зор құрмет көрсетіп, ұлы ақынның рухына тағзым жасады.
Биыл қазақтың қайталанбас тұлғасы, ақын, философ, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ұстаз, сазгер, аудармашы, саяси қайраткер Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Ақынның мерейтойына орай халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды іс-шара өтізіліп, 1 тамыздан бастап онкүндік жарияланды. Ауқымды бағдарлама 1 тамыз күні ABAY ACADEMIYASY энциклопедиялық порталының ашылуымен басталады. Бұл бірегей платформа ақын мұрасын цифрландыру, жүйелеу және ғылыми ортаға қолжетімді етуге бағытталған. Сол күні Мақаншыдағы Алакөл жағасында Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің концерті өтеді. Семейдегі Арбат алаңында иллюстратор Аңсаған Мұстафаның көрмесі ашылып, «Асыл мұра» облыстық қолөнер фестивалі ұйымдастырылады.
2-6 тамыз аралығында Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясованың Абайға арналған гастрольдік концерті Семейден басталып, Үржар, Аягөз, Жарма және Жаңасемей аудандарында жалғасады.
3 тамызда Абай театрында «Абай әлемі» рухани кеші өтсе, 4 тамызда Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің қорытынды концерті ұсынылады.
5 тамызда «Ой толғау – Хәкім Абай» монооперасы сахналанады және 6 тамыз күні Абай алаңында «Абай елі – өнер кеніші» концерті мен Ә.Бөкейханов университетінде «Өлең сөздің патшасы» атты жас ақындар мүшәйрасы өтпек.
7–9 тамыз күндері Абай мұрасын ғылыми, әдеби және мәдени тұрғыда кеңінен насихаттауға бағытталған бірқатар мазмұнды іс-шаралар өтеді. 7 тамызда халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Асқар Алтайдың шығармашылық кеші аясында «Абай жолы» энциклопедиясы мен Бағашар Тұрсынбайұлының «Абай Құнанбайұлы кім?» кітабының тұсаукесері болады.
8 тамызда Семейде «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы, Абай ауданында «Жеті қазына» ұлттық байқауының ашылуы өтсе, 9 тамызда Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми конференция, «Жидебай-Бөрілі» музейінде көрме, Абай кітапханасында кітаптар топтамасының тұсаукесері мен 15 елдің қатысуымен халықаралық ақындар фестивалі ұйымдастырылады. Кешкісін орталық алаңда «Абайға тарту» концерті өтеді, – деді спикер.
10 тамыз – Абай күні. Бұл күні таңертең Жидебайда Құран бағышталып, құрбандық шалу рәсімінен бастау алады. Одан соң еліміздің барлық өңірінде Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылмақ.

















