Қазір білім беру саласын ақпараттық технологиясыз елестету мүмкін емес. Абай облысы Көкпекті ауылындағы Көкпекті орта мектебінде жаңадан IT және робот техника клубы ашылды. Көпшілікке ертегідей болған роботтар мен ЖИ технологиялары бүгінде «ақылды» құрылғылар ретінде өмірімізге ене бастады. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда бұл – трендтегі салалардың бірі.
Бүгінгі таңда үйірмеге 2-10-сынып аралығындағы 40-қа жуық бала тіркелді. Клубта оқушылар бағдарламалау негіздерін үйренеді, заманауи технологиялармен жұмысты меңгереді және өз жобаларын ұсынып, әртүрлі деңгейдегі робот техника жарыстарында өз күштерін сынап көреді. Робот техника балаларға ерекше қызығушылық тудырады: балалар алған білімдерін іс жүзінде қолдана отырып, роботтарды бағдарламалауды және басқаруды үйренеді. Оқушылар бірнеше топқа бөлініп оқиды, өйткені клубтың иелігінде тек бес робот бар. Осындай бір конструктордың құны – 500 мың теңге.

Клуб жетекшісі — Көкпекті орта мектебіне биыл ғана директордың орынбасары болып келген Бақытбек Нұрлыбекұлы. Ол Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде оқыған, 5 жыл Семейдегі педагогикалық институтта жұмыс істеген. 2013-2023 жылдары Семей қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінде информатика және робот техника мұғалімі болды. Одан кейін 2 жыл Alikhan Bokeikhan University-де жұмыс істеп, робот техника орталығын басқарды. Осы уақыт ішінде Бақытбек Нұрлыбекұлы IT-саласының білім дағдыларын толық меңгерді. Бұған Малайзияда өткен мамандандырылған курстар, сондай-ақ әр елдердегі әріптестерімен тәжірибе алмасу ықпал етті. Оның оқушылары Германия, Сингапур, Түркия, Таиландтағы республикалық және халықаралық олимпиадаларға бірнеше рет қатысқанын атап өткен жөн. Айта кетейік, Сингапурда біздің талантты отандастарымыз жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Сондай-ақ Бақытбек Нұрлыбекұлының Оқу-ағарту министрлігімен келісілген мұғалімдерге арналған курсы бар. Мұғалімдер аталмыш курсты оқып, робот техника бойынша оқытушы санатын ала алады. Былтыр бұл курстан Көкпекті ауылының Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектептің екі мұғалімі өтті. Мектеп директоры Нартай Советханұлының айтуынша, Бақытбек Нұлыбекұлының әлемдік деңгейдегі робот техника мамандарын даярлай алатын мүмкіндігі бар. Көкпекті ауданы әкімдігі мен «Көкпекті» ауылшаруашылық қоры бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын айта кеткен жөн.
Клубтың жұмысына келетін болсақ, мұнда оның жетекшісі әр оқушыға өзінің интеллектуалдық мүмкіндіктерін ашуға көмектесіп, командада жұмыс істеуді үйретеді. Біз клубтың бір сабағына қатысып, балалармен бірге робот техниканың ғажайып әлеміне үңілдік. Оқыту EV3 Mindstorms LEGO Education жиынтығында өтті. Бұл конструктор LEGO Technic бөлшектері мен күрделі электроникаға негізделген. Әсіресе осы серия үшін National Instruments графикалық бағдарламалық жасақтаманы әзірледі, оны бұрын бағдарламалаумен таныс емес адамдар да оңай игере алады. Роботтарды басқару үшін кодтаудың қажеті жоқ, қорапшада әрекеттер тізбегі жиналатын белгішелер түріндегі дайын алгоритмдер бар. Негізгі жинақ сыныпта пайдалану үшін оңтайландырылған және LEGO Mindstorms технологиясы арқылы оқуға қажетті барлық нәрсені қамтиды. Бұл студенттерге нақты робот техника технологияларын қолдана отырып, олардың шешімдерін жобалауға, бағдарламалауға және тексеруге мүмкіндік береді.
Сабақта роботқа қозғалыс орнатып, оны дыбыстар шығаруға мәжбүр ететін командаларды зерттедік. Бірден емес, бірақ тапсырмаларды орындай отырып біз бір нәрсені айта аламыз: жоғары технологиялық ойыншық балаларды мектеп пәндерін оқуға, тапсырмаларды бірлесіп талқылауға және ең жақсы инженерлік шешімді табуға шабыттандырады.
Клубтың басты мақсаты – балаларды цифрлық әлемде өмір сүруге даярлау ғана емес, сонымен қатар олардың республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысуын қамтамасыз ету. Робот техника оқушының бағдарламалау мен алгоритмдік ойлау қабілетін, техникалық қиялын дамытады. Бұл іспен үздіксіз шұғылданудың арқасында балада инженерлік қабілеттер де пайда бола бастайды. Үйірме баланың күнделікті бос уақытын тиімді пайдалануға, болашақ мамандық түрін таңдауға, қоғаммен тығыз қарым-қатынас жасауға көп септігін тигізеді.
Бүгінгі таңда IT және робот техника клубы сабақтан кейінгі үйірме ғана емес, білім мен шығармашылық жұмыстары қатар жүретін болашаққа жасаған сенімді қадам.
Вика Гармашова

















