Көкпекті ауданының орталығында тұрғындардың сұранысы негізінде «Толағай» белсенді өмір орталығы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Tura18.kz.
Ауыл тұрғындары бұған дейін бос уақытты тиімді өткізуге, спортпен тұрақты түрде айналысуға арналған арнайы жабдықталған орталықтың жоқтығын бірнеше рет көтерген. Осыған орай, ауыл халқы үшін қолжетімді әрі заманауи жаңа нысан пайдалануға берілді.
Жаңа орталықта: заманауи жүгіру жолақтары, гір, велотренажер, әйелдерге арналған арнайы фитнес алаңы, жуыну бөлмелері бар. “Толағай” орталығы бір мезетте 40–45 адамды қабылдай алады. Орталық аптасына 6 күн жұмыс істейді: ер адамдарға және әйелдерге арналған күндер бөлек ұйымдастырылған.
Бұл жаңа спорт орталығы ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын қалыптастыруға және жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға үлкен мүмкіндік береді.

















