Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық мәслихатының депутаты бюджет қаражатын жымқыру арқылы өзі элиталық пәтерлер мен автокөліктер сатып алған, деп хабарлайды Tura18.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ШҚО облысы бойынша департаменті «QazConstructions» ЖШС басшылығына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Ол қаражат ШҚО және Абай облысының жеті ауданында 11 әлеуметтік нысан салуға бөлінген.
Күдіктілердің қатарында — серіктестік директорының бұрынғы орынбасары, қазіргі Күршім аудандық мәслихатының депутаты бар.
Аталған жобаларды іске асыру халықтың өмір сүру сапасын арттырып, азаматтардың толыққанды демалысына жағдай жасауға тиіс болған. Алайда қылмыстық әрекеттер салдарынан төрт денешынықтыру-сауықтыру кешені мен жеті ауылды сумен қамтуға арналған су желілері пайдалануға берілмей қалған.
Жалпы жымқырылған қаражат сомасы 2 млрд теңгеден асады. Бұл ақша аффилиирленген кәсіпорындар арқылы шығарылып отырған.
Қылмыстық жолмен алынған табысқа Астанадағы элиталық тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, Lamborghini Urus, Cadillac Escalade, Mercedes маркалы люкс автокөліктері, сондай-ақ асыл тұқымды жылқылар сатып алынған. Қазір оларға сот санкциясымен тыйым салынды. Екі күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасып жатыр,, — делінген ҚМА ШҚО бойынша департаментінің хабарламасында.

















