Биылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл – аграрлық саладағы барлық меншік нысандарын қамтитын ауқымды іс-шара, деп хабарлайды Tura18.kz.
Санақтың басты мақсаты – елдегі ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы туралы шынайы әрі өзекті деректерді жинау.
Өсімдік шаруашылығымен, мал және балық өсірумен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және фермерлер тамыз айында sanaq.gov.kz сайтында онлайн-форматта санақтан өтуге міндетті. Онлайн сауалнаманы толтыру үшін компьютер мен электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысатын барлық үй шаруашылықтары онлайн санақтан өтуге тиіс. Егер олар сайтта сауалнама толтырмаса, үй-үйді аралайтын интервьюерлер (20 қыркүйек пен 20 қазан аралығы) сұрақтарына жауап беруі қажет.
Интернетке қосылмаған немесе компьютері жоқ азаматтарға аудандық және ауылдық әкімдіктерде өзін-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, аумақтық статистика басқармаларына (аудандық стат бөлімдерге) жүгініп, мамандардан көмек алуға болады.
Ауыл шаруашылығы санағы он жылда бір рет өткізіледі және тиімді аграрлық саясат қалыптастыруда, дұрыс шешім қабылдауда аса маңызды рөл атқарады. Баршаңызды жауапкершілік танытып, санаққа белсенді қатысуға шақырамыз.
Барлық сұрақтар бойынша 1446 нөміріне қоңырау шалуға болады (қоңырау тегін).
Санаққа қатысуыңыз – еліміздің ауыл шаруашылығының болашағына қосқан үлесіңіз екенін есте ұстаңыз!
Әмір Бек

















