Семейде 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Шығыс кентінде орналасқан №53 жалпы орта білім беретін білім ордасы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов және Парламент депутаттары қатысты, деп хабарлайды Tura18.kz.

Жаңа білім ордасы – Семейдегі аталған жоба бойынша бой көтерген үшінші мектеп. Заманауи талаптарға сай салынған ғимарат 300 оқушыға арналған. Мұнда пәндік кабинеттер, зертханалар, STEM-сыныптар, спорт және акт залдары, кітапхана мен асхана бар. Оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдай жасалған.
Сонымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы орта қалыптастырылған. Ғимарат лифт және арнайы тактильді жолдармен, пандустармен жабдықталған.
Аймақ басшысы жаңа мектептің ашылуы Шығыс кентіндегі білім беру мәселесін толық шешкенін атап өтті. Енді оқушыларға басқа аудандарға қатынап оқудың қажеті жоқ.
Бүгін – облысымыздың әлеуметтік саласы үшін маңызды күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Шығыс кентіндегі жаңа білім ошағын ел игілігіне табыстап отырмыз. Жоба шеңберінде облысымызда жалпы сыйымдылығы 3000 орындық 5 заманауи мектептің құрылысы толық аяқталды. Бұл нысанның техникалық жарақталуы типтік мектептерден 4 есе жоғары, ал ғимарат ауданы 20 пайызға кең етіп жоспарланған. Осы мектепті іске қосу арқылы біз Шығыс кентіндегі мемлекеттік мектепке қатысты өзекті мәселені толық шештік. Енді оқушылардың басқа аудандарға қатынауының қажеті жоқ. Біз өңірдегі балалардың сапалы білім алуы мен ұстаздардың тиісті жағдайда жұмыс істеуі үшін жүйелі қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Жаңа білім ордасы құтты болсын!, – деді Берік Уәли.
Шара барысында білім саласының ардагерлері марапатталып, қонақтар мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа білім ордасының ашылуы – көптен күткен маңызды оқиға. Бұған дейін оқушылар алысқа қатынап, қиындық көрген.
Бұл білім ордасының Шығыс кентінің дәл осы аймағында ашылуы балаларымыз үшін де, біз үшін де зор қуаныш. Себебі, балаларымыз білім алуы үшін алысқа қатынап, қиындық көріп, үйірмелерге дұрыс бара алмай жүрген еді. Шығыс кентінің оң жағалауында тұратын оқушылардың көптен күткен армандары орындалды. Жарқыраған, заманауи оқыту құралдарымен жабдықталған білім ордасы ел болашағы үшін жасалып жатқан инвестиция деуге болады. Ата-аналар атынан ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды айтамыз, – деді Шығыс кентінің тұрғыны Шалқар Хамилаев.

















