Семейде Абай облысының БАҚ өкілдеріне арналған «Журналистикадағы жасанды интеллект және медиаэтика» тақырыбында ауқымды семинар-тренинг өтті. Шара «Түркітілдес журналистер қорының» президенті, журналист Назия Жоямергенқызының бастамасыме және Halyk Bank-тің серіктестігімен жүзеге асырылып жатқан “Halyk-пен қаржылық сауат” жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы, Halyk Bank Абай облыстық филиалының директоры Алмат Данкенов және орынбасары Болат Қыстаубаев арнайы қатысты.
Қаржылық сауат — қазіргі қоғам үшін ауадай қажет. Ол әрбір азаматтың жеке өмірі мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы білімді үнемі жаңартып, жетілдіріп отыру аса маңызды, — деді Жарқын Түсіпбекұлы.
Семинар барысында журналистер заманауи медиа құралдарын қолдану, YouTube монетизация, жасанды интеллектінің көмегімен контент, сайт жасау, видеомонтаж және мәтіндерді түрлі шет тілдерге аудару секілді өзекті тақырыптарды меңгеріп, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Ондағы мақсат — ақпарат кеңістігінде бәсекеге қабілетті, техникалық тұрғыда қаруланған және этикалық нормаларды ұстанатын журналистер қатарын көбейту.
Семинар-тренингке Көкпекті ауданынан арнайы шақыртумен «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің бас редакторы Фархат Таянкенов пен жас блогер Назым Келербекова қатысты.

Жалпы, бұл тренингке облысымыздан отызға жуық журналист қатысып, қызу талқылау мен тәжірибе алмасқан білім алу процесі көбінің көзіне от жақты. Бұл шараның ерекшелігі, журналистерге кәсіби шеберлік шыңдауға қажетті құралдарды үйретумен қатар қаржылық сауаттылық пен қосымша табыс табу және монетизация тәсілдері де біршама әңгімеге арқау болды. Сабақтың басында Halyk bank-тің облыстық филиалының директоры Алмат Данкенов қазіргі уақытта азаймай тұрған алаяқтардан қорғану тәсілдерін тарқатып айтып берді. Сондай-ақ ол журналистер қауымын алаяқтардан қорғану әтістерін үйреніп, сол білімін көпшілікке насихаттауға, халыққа сақтық шараларын, өзінің жеке мәліметтеріне мұқият болу әдістерін үйретуге шақырды.
Семинар-тренинг барысында Нәзия Жоямергенқызы «Жасанды интеллект және медиаэтика» тақырыбына қатысты дәріс өтті. Сондай-ақ «Медиадағы жасанды интеллект: deepfake және deepwere» туралы кеңінен айтылды. Қазір ақпараттық кеңістікте фейк видеолар көбейгендіктен, олардың шынайы не жасанды екенін тексеретін бағдарламалардың маңызы артып отыр. Бұл журналиске ауадай қажет дүние.
Бағдарламада сонымен қатар «Дата журналистика» туралы айтылды.
«YouTube-2025: жаңа трендтер» тақырыбында дәріс оқылып, практикалық, топтық жұмыстар істелді. Астанадан келген медиа тренерлер Бауыржан Гаппаров пен Ерсұлтан Хожалепес өткізген бұл сабақтар журналистерге мол мағұлмат бергені сөзсіз.
Біздің қазақ журналистеріне басты керегі – өзінің қаржылық сауатын арттыра отырып, қоғамның сауатын арттыруға көмектесу, қазіргі заманға қажетті білімді үйреніп, халыққа насихаттау. Жасанды интелектіні зиянды бағытта қолданып жатқан алаяқтар қазір аз емес, журналист халықты сондай зиянкестерден қорғай білу керек. – деді осы семинар-тренингті ұйымдастырушы, «Түркітілдес журналистер қорының» президенті Нәзия Жоямергенқызы.
Фархат Маратұлы

















