Бүгін Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімінде Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарған сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Tura18.kz.

Салтанатты іс-шараға әскери бөлім басшылығымен бірге қатысқан Семей қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Дархан Дюсенбаев сөз сөйлеп, әскери борышын адал атқарған сарбаздарға алғысын білдірді.
Отан алдындағы азаматтық борышты абыроймен атқарып, өмірдегі тағы бір маңызды белесті аман-есен өткерген баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі салтанатты рәсім сіздердің бір жыл бойы атқарған адал қызметтің нәтижесі мен еңбектің көрінісі. Әскер — әр азаматқа үлкен мектеп. Сіздер осы уақыт ішінде төзімділік пен табандылықты, бірлік пен достықты, Отанға деген адалдықты терең сезіне білдіңіздер. Әскери қызмет барысында жинаған тәжірибе мен тәрбие алдағы өмір жолында үлкен рөл атқаратынына сенімдімін. Қай салада еңбек етсеңіздер де елге пайдасы тиетін азамат боласыздар деп сенемін, — деді бөлім басшысы.
Салтанатты жиын барысында әскери қызметін үлгілі атқарып, жауынгерлік даярлықта, әскери тәртіп пен қоғамдық жұмыста белсенділік танытқан сарбаздарға құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.














