Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік аясында Семей қаласында Түркістан облысының мәдени күндері өтті. Екі күнге созылған іс-шара мәдени ынтымақтастықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Tura18.kz.
Мерекелік күндер аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ашылып, Түркістан өңірінен 540 тоннадан астам өнім жеткізілді. Оның ішінде картоп, көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері мен өңделген тағамдар ұсынылуда. Әсіресе Мырзашөлдің қауыны мен Шардараның қарбызына сұраныс жоғары болды.
Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық тағам ұсынылған фудкорт аймағы мен мәдени концерттер ұйымдастырылды. Шараға «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі, «Фараб» би тобы және басқа да өнер ұжымдары қатысты.
Абай облысының әкімі Берік Уәли жәрмеңке мен көрмені аралап, Түркістан облысы делегациясына алғысын білдірді.
Түркістан – түркі дүниесінің рухани астанасы, ал Семей – Алаштың алғашқы астанасы. Екі өңірдің бауырластығы – ел бірлігінің айғағы, – деді аймақ басшысы.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы өкілі Ермұхамбет Құралбеков халықтың қызығушылығы ерекше екенін атап өтті.
Семейліктердің ықыласы бізді қуантты. Таңнан бастап өнімдерге үлкен сұраныс болды, — деді ол.

















