Ел аумағында жол қауіпсіздігін арттыру және жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында биылғы 11-16 шілде аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Tura18.kz.
Ауқымды іс-шараны өткізудегі негізгі мақсат – теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзуды анықтау және олардың алдын алуға баса назар аудару.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, акция аясында теміржол көлігінің шұғыл тоқтауын болдырмауға мән берілді. Өйткені темір жол бойында бейсауыт адамдардың немесе қараусыз малдың жүруінен пойыздар шұғыл тоқтап, апаттық жағдай туындауы мүмкін. Сондықтан көліктегі полиция қызметкерлері елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындарға темір жол бойында жаяу жүру және үй жануарларын бағу ережелерін түсіндірді. Қауіпсіздікті қатаң сақтауды ескертті.
Шойын жолдың бойы – қауіпті аймақ. Сондықтан жасөспірімдер арасындағы жарақаттану мен жазатайым оқиғалардың алдын алу шаралары ешқашан тоқтамауға тиіс. Осы мақсатта тәртіп сақшылары теміржол саласының мамандарымен бірлесе отырып, білім беру орындарында жыл бойы арнайы лекциялар мен танымдық сабақтар ұйымдастырады. Онда оқушыларға рельс үстінде ойнаудың, құлаққаппен теміржолдан өтудің қаупі туралы ескертіліп, қауіпсіздік ережелері егжей-тегжей түсіндіріледі.
Көліктегі полиция азаматтарға жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарап, теміржол нысандарында бекітілген ережелерді бұзбау қажеттігін еске салады.














