Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесіне қарасты Алтай қаласында «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық субөңіраралық ынтымақтастық конференциясы өз жұмысын бастады. Ауқымды халықаралық жиынға Абай облысынан жүзден астам адамнан құралған делегация қатысып жатыр, деп хабарлайды Tura18.kz порталы Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Конференция Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі партия комитетінің хатшысы Чэнь Сяоцзянның төрағалығымен өтіп жатыр. Іс-шараға Қазақстанның Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының өкілдерімен қатар Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдерінің делегациялары шақырылған.
Жиынды ашқан Чэнь Сяоцзян Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтіп, Шыңжаң өлкесі Қазақстанның шекаралық өңірлерімен байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Конференция барысында Абай облысының әкімі Берік Уәлидің атынан облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков сөз сөйлеп, өңірдің инвестициялық және көлік-логистикалық әлеуетін таныстырды.
Оның айтуынша, өткен жылы Алтай қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «Үлкен Алтай» халықаралық конференциясы Абай облысы мен Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берген.
Сол сапар барысында жалпы құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылып, ұзақмерзімді әріптестіктің берік негізі қаланды, – деді Шалқар Байбеков.
Бүгінде сол келісімдердің нәтижесінде қытайлық серіктестердің қатысуымен жалпы құны 1,1 миллиард АҚШ долларынан асатын алты ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында чиптер мен электронды құрылғылар өндіретін индустриялық парк, сауда-логистикалық кешен, ағаш өңдеу кәсіпорны, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері мен агроөнеркәсіп саласындағы жобалар бар.

2026 жылдың алғашқы үш айында Абай облысы мен Қытайдың шекаралық өңірлері арасындағы тауар айналымы 760,1 миллион АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде экспорт көлемі 686,6 миллион долларды, импорт көлемі 84,9 миллион долларды құрады.
Абай облысы Қытаймен 250 шақырымнан астам ортақ шекараға ие. Екі ел арасындағы маңызды көлік дәліздерінің бірі саналатын «Бақты» кеден бекеті арқылы халықаралық жүк тасымалы жүзеге асырылады.
Өңірдің инвестициялық әлеуеті де жыл сайын артып келеді. Соңғы уақытта инвестициялық пулдағы жобалар саны 29-дан 112-ге дейін көбейіп, олардың жалпы құны 8,6 миллиард АҚШ долларына жеткен. Өткен жылы құны 47 миллион доллар болатын 15 жоба іске қосылып, 391 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал биыл жалпы құны 257 миллион доллардан асатын 41 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Қазіргі уақытта қытай капиталының қатысуымен мыс балқыту зауыты, «Аягөз – Бақты» теміржол желісі, жел электр станциясы, сауда-логистикалық кешен және «Бақты» индустриялық аймағы секілді стратегиялық маңызы бар жобалар іске асырылып жатыр.
Шалқар Байбеков өз сөзінде Абай облысының географиялық орналасуы мен экономикалық мүмкіндіктеріне ерекше тоқталды.
Абай облысы – жас өңір болғанымен, әлеуеті жоғары аймақ. Облыс маңызды теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі бағыттарының тоғысқан жерінде орналасқан. Табиғи ресурстарымыз, өндірістік инфрақұрылымымыз және қолайлы географиялық орналасуымыз инвестиция тартуға кең мүмкіндік береді, – деді ол.
Сондай-ақ өңір үшін агроөнеркәсіп, тау-кен өндірісі және туризм салалары басым бағыттардың бірі екені айтылды. Әсіресе, Қытай шекарасына жақын орналасқан Алакөл туристік аймағының әлеуеті жоғары бағаланып, шетелдік инвесторлар өңірдегі туристік жобаларға қаржы салуға шақырылды.
Мәслихат төрағасы облыс әкімі Берік Уәлидің атынан инвесторларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.














